Холдинг жаңалықтары

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Ғалымжан Тәжияқов «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

2016 жылғы шілдеден бастап Ғалымжан Тәжияқов «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры қызметін атқарып, активтерді басқару және корпоративтік қаржыландыруға жетекшілік жасады.

Ғалымжан Тәжияқовтың қаржы саласында 15 жылдан астам басқарушылық тәжірибесі бар. Ұзақ мерзімді жобалық (инвестициялық) қаржыландыруды жүзеге асыру, сондай-ақ халықаралық инвестицияларды тарту бойынша жобаларды ұйымдастыру және құрылымдау мәселелері бойынша табысты тәжірибеге ие.

«Бәйтерек» холдингіне шақырылмас бұрын, Еуразиялық даму банкінде басқарушы директор, «Ситибанк Қазақстан» АҚ кіші вице-президенті, «HSBC Банк Қазақстан» АҚ-да түрлі лауазымдарда жұмыс істеді, «Kaspi Bank» АҚ және «ABN AMRO Қазақстан Банкі» АҚ-да қаржы институттары басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Ғалымжан Тәжияқов Қазақстан мен Ұлыбританияның оқу орындарын – Қазақ Мемлекеттік Басқару Академиясын (экономист- халықаралық саясат білгірі) және Дарем Университетінің Бизнес Мектебін (MBA) үздік бітірді.





«Бәйтерек» холдингі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасына сәйкес барлық жоспарланған индикаторларға қол жеткізді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Өскенбаевтың айтуынша Холдинг бағдарламаның негізгі операторы болып табылады және негізгі бес бағыттың төртеуін жүзеге асырады. Олар:

1) жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салуы;

2) бұған дейін қабылданған бағдарламалар бойынша (Нұрлы жол, ӨДБ-2020) құрылыстың аяқталуы;

3) халыққа арналған ипотеканың қолжетімділігін арттыру;

4) жеке құрылыс салушыларды құрылысқа ынталандыру;

Холдингтің бес еншілес ұйымы – «Даму» КДҚ» АҚ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға қатысады.

«Бәйтерек» холдингі 2017 жылдан бастап кредиттік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша тек жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу арқылы ғана тұрғын үй құрылысын қаржыландыруда. 2017 жылға жоспарланған 71,9 млрд. теңгеге қаржыландыру жоспары 100%-ға орындалды. Барлық қаражат, сондай-ақ жобаларды іріктеу, құрылыс салушыларды анықтау, игеру және құрылыс барысына мониторинг жүргізу бойынша функциялар жергілікті атқарушы органдарға берілді.

Тұрғын үй құрылыс жинағы желісі бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесінде 492 млрд. теңге жинақ сомасындағы 1 023 мың шарт бар, олардың ішінде 32 мың шартта салынған кредиттік тұрғын үй сатып алу үшін қажетті жинақтың 30%-ы бар. 2017 жылға қарыз беру 181 млрд. теңге көлемінде жоспарланып, жалпы сомасы 256 млрд. теңгені құрайтын 37 мың қарыз берілген. Бұл жоспардың 141 пайызы. Осылайша, 2017 жылы берілген ипотекалық теңгенің төрттен үшін Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынған (берілген ипотеканың 75%-ы).

Құрылыстың аяқталу бағыты бойынша – бұған дейін қабылданған бағдарламалар шеңберінде жоспарланған 554,3 мың шаршы метрдің орнына пайдалануға 560,1 мың шаршы метр (9 637 пәтер) тапсырылды. Үй құрылысы жоспары артығымен орындалды.

Халыққа ипотеканың қолжетімділігін арттыру бағыты бойынша, 2017 жылғы мамырдан бастап жаңа баспана сатып алу үшін халыққа екінші деңгейдегі банктер беретін ипотекалық қарыздарды субсидиялау тетігі іске қосылды. Қаржы операторы болып Қазақстан ипотекалық компаниясы бекітілген. Ол ипотеканың 16 пайызынан жылдық 6%-ға дейінгі көлемін субсидиялайды. Нәтижесінде тұтынушы үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі жылдық 10% пайыздан аспайды.

Ағымдағы жылы 15 млрд. теңге жалпы сомасына 1 мың ипотекалық қарызды субсидиялау жоспарлануда. 2017 – 2018 жылдары 120 млрд. теңге сомасына 8 мың ипотекалық қарыз, олардың ішінде 2017 жылы 15 млрд. теңге сомасына 1 мың қарыз, 2018 жылы 105 млрд. теңге сомасына 7 мың қарызды субсидияланбақ.

Жеке құрылыс салушыларды құрылысқа ынталандыру бағыты шеңберінде екінші деңгейдегі банктерге құрылыс компанияларынан 64,4 млрд. теңге жалпы сомасына 42 тапсырыс келіп түсті. Кредиттерді субсидиялаудың жылдық жоспары 15 млрд. теңге бола тұрып, Өңірлік үйлестіру кеңестері 28,6 млрд. теңге сомасына 20 жобаны мақұлдады, олардың ішінде Даму қоры жалпы сомасы 26,6 млрд. теңге болатын 14 жоба бойынша субсидиялау шартына қол қойған. Осылайша, 2017 жылға жеке құрылыс салушылар кредиттерін субсидиялау бойынша жоспар толық көлемде орындалды.





Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ұжымына Директорлар кеңесінің шешімімен таңдалған жаңа басқарма төрағасы — Айдар Әріпхановты таныстырды.

Бақытжан Сағынтаев жаңа басшылыққа Холдингтің алдында тұрған бірқатар міндеттерді, оның ішінде Мемлекет басшысының қойған мақсаттарына қол жеткізу, сондай-ақ индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы Жол», «Бизнестің жол картасы» және «Нұрлы жер» мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларының қаржы операторы функциясын тиімді орындау туралы міндеттерін белгіледі.

Айдар Әріпханов 1974 жылы дүниеге келген. 1995 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2008 жылы – Колумбия университетін тәмамдаған. Мамандығы бойынша экономист, мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолын 1996 жылы ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған. 2004–2006 жылдары қаржы вице-министрі қызметін атқарған.

2006-2007 жылдары түрлі қызметтер атқарған: Премьер-Министрдің Кеңсесі басшысының орынбасары, еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, Премьер-Министрдің кеңесшісі, ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

2015-2017 жылдары ұлттық экономика вице-министрі болып жұмыс істеді.

2017 жылғы қаңтардан бастап осы уақытқа дейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Соңғы үш ай бойы басқарма төрағасының міндетін атқарды.

https://primeminister.kz





«Бәйтерек» холдингі «Қазақстан Темір жолы» АҚ-мен және оның еншілес ұйымы «ҚТЖ-Экспресс» АҚ-мен, «Verno Capital» инвестициялық қор – шетелдік қатысушылармен және «PNK Group» девелоперлік компаниясымен бірлесе отырып, заманауи қойма орынжайларын салу жобасын іске қосты.

Қоймалар «Хоргос – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағына орналастырылады. Жобаны «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес ұйымы «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ құрған Қазақстанның инфрақұрылымдық қоры арқылы қаржыландырады.

«Қазақстан дамуының негізгі институты болып табылатын «Бәйтерек» холдингі елдің инфрақұрылымдық әлеуетін «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен түйісетін шетелдік балама жобаларды да қолдауға дайын», – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әріпханов.

А. Әріпхановтың айтуынша, «Бәйтерек» холдингінің шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимылының инвестициялық, сауда, инновациялық және энергетика салаларында болашағы зор. Холдинг стратегиялық инвестициялық әріптестікті ұлғайтуға және өзара қызығушылық танытқан жобаларды қаржыландыру бағытын жалғастыра бермек.





«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, Астана, 30 қараша. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысы болып өтіп, оның барысында 2017-2021 жылдарға арналған түзетілген Даму жоспары мен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ 2018 жылға арналған Жылдық бюджеті қаралды.

Даму жоспарын түзету және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Жылдық бюджетін бекітудің мақсаты «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасына түзетулерге және Республикалық бюджеттен қаражатты игеруге, ҚР экономикасына кредит беру және инвестициялаудың болжамды көрсеткішін арттыру мен Холдинг компаниялар топтары шығыстарының кейбір баптарын қысқартуға байланысты бес жылдық кезеңге Холдинг қызметінің негізгі шоғырландырылған көрсеткіштерін нақтылау қажеттілігі болып табылады.

Отырыс барысында Директорлар кеңесі Республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қаржылық қаражатты пайдалану туралы ақпаратты назарға алып, «Қазақстанның даму банкі» АҚ-дан қосымша қорландыру тарту бойынша мәміле жасауды мақұлдады және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ 2018 жылға тәуекелдері бойынша барынша мәндерді бекітті.